Пресс-центр

Кеншілер күнін мерекелеу

2024-08-26 11:34 KZ
«AltynEx Company» АҚ қызметкерлері 2024 жылғы Кеншілер күнін ұзақ уақыт ұмытпайды! Таңертеңнен бастап ұйымдастырылған спорттық тимбилдинг Алтынды қыстағының стадионын мерекелік көңіл-күйге бөледі. Жеңіс «Горняки» командасының қанжығасына байланса, екінші орынды «Балапан» командасындағы әріптестер иеленді. Құрметті үшінші орын – «Гвозди» командасының еншісінде. Шараға белсенді қатысқаны үшін бәріне де жалпыкомандалық ақшалай жүлделер мен компания логотипі бейнеленген бейсболкалар тарту етілді.

Шараның салтанатты ресми бөлімінде кеніштің аға буын өкілдері, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының әкімі Д.Ж. Ермағамбетов, Қайыңды ауылдық округінің әкімі Н.Ж. Жалғас құттықтау сөзін арнады. Компания тарапынан кеніш ұжымын «AltynEx Company» АҚ компаниясының Басқарма Төрағасы Ю.С. Алимова құттықтады.

Мереке құрметіне орай 70 Еңбек үздігіне Алғыс хат пен тұрмыстық техника сатып алуға арналған құны 100 мың теңгелік сыйлық сертификаттары табысталды. Үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» және «Кенші даңқы» мемлекеттік ордендерімен ӨТБ аға диспетчері Ж.И. Төлегенова, СТЗ талдаудың сынама тәсілінің зертханашысы Е.В. Эшмантович, БМБ жерасты электр-газ дәнекерлеушісі Б.Н. Канимкулов, ЖТУ тау-кен шебері П.А. Ізбасаров марапатталды.

Мереке би флэшмобымен, бағалы сыйлықтар лотереясымен және «Ақтөбе өнер орталығы» әртістерінің концертімен жалғасын тапты. Мерекенің ең басты музыкалық тосынсыйы орталық қойманың жұмысшысы М. Сахауованың «Кеншілер» әнін шырқауы болса, 40 келілік кіртасын көтеру жарысы көптің көңілін көтеріп тастады. Бұл байқауда кіртасын 32 рет көтерген Д.К. Ермағамбетов жеңіске жетті.

«AltynEx Company» АҚ ұжымы мен Алтынды қыстағы тұрғындарының сүйікті мерекесі – Кеншілер күні нағыз музыка, спорт және бидің фестиваліне айналды! Бұл тамаша көңіл-күй жүрек түкпірінде ұзақ уақыт сақталуын тілейміз!